Тіл – ұлт қазынасы» апталығы салтанатты түрде ашылды
Бүгін 2025 жылдың 5 қыркүйек күні Қазақстан халқының тілдер күніне арналған «Тіл – ұлт қазынасы» атты тілдер апталығының ашылу салтанаты жоғары деңгейде өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – әлем халықтарының тілдеріндегі өнер мен шығармашылықты көрсету арқылы тілдердің өзара байланысын, олардың ұлт мәдениетіне қосатын үлесін түсіндіру, сондай-ақ тілдің құдіреті мен қасиетін дәріптеу болды.
Мерекелік шара мектептің әнұранымен ашылып, жүргізушілердің әсерлі сөздерімен жалғасты. Олар тілдің – ұлттың жаны, рухы және басты байлығы екенін айрықша атап өтіп, шараның мән-маңызын көрермендерге жеткізді.
Алғашқы сөз кезегі ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналды. Оның 180 жылдық мерейтойына орай 9 «Д» сыныбының оқушысы Әмірханов Әсет ұлы ақынның қарасөздерінен үзінді оқып, кештің рухани шымылдығын түрді. Сондай-ақ 11 «Б» сынып оқушысы Жұмабай Рамазан орыс әдебиетінің классигі Александр Пушкиннің өлеңдерін, 9 «А» сынып оқушысы Серікбай Нұрислам неміс ақыны Йоганн Вольфганг фон Гётенің аудармасын нақышына келтіріп оқыды.
Мерекелік бағдарлама барысында тілге, мәдениетке арналған өлеңдер, әндер, мәнерлеп оқу және сахналық көріністер орындалды. 8 «И» сыныбының оқушысы Сәбит Інжу француз тіліндегі «Dernière danse» әнін әсем әуезбен орындап, көрермен жүрегін жаулап алды. Ал мәнерлеп оқу бөлімінде оқушылар қазақ тілінің қадір-қасиетін асқақтата жырлап, тілге деген сүйіспеншілікті паш етті.
Кеш барысында ұлттық рухты көтеретін шетел және отандық әндер де шырқалды. «Салтанат» тобы көпшілікке танымал «Крылатые качели» әнін орындаса, 11 «Ә» сыныбының оқушысы Еділ Әділжан ағылшын тіліндегі «For the rest of my life» әнімен көпшілікті тәнті етті. Шара соңында жүргізушілер тілдің ұлт үшін маңыздылығын тағы бір мәрте атап өтіп, оны құрметтеу – ұлттың тарихы мен мәдениетіне құрмет көрсету екенін айтты.
Кеш қорытындысында: «Тіліміз аман болсын, ұлтымыздың рухы жасай берсін!» – деген ізгі тілек айтылды. Ашылу салтанатында оқушыларға тілдің тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол – ұлттың жаны мен рухы, тарихы мен болашағы екенін терең ұғындырды. Әр оқушының өнері мен ықыласы шараның мазмұнын байытып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Ұйымдастырушылар: Қазақ тілі ӘБ
https://www.instagram.com/reel/DobReXDCB3/?igsh=MTVhbnNoamt2MzMzMw


